Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауы, Астана қ., 2009 жылғы 6 наурыз

Қадiрлi қазақстандықтар!
Қымбатты менiң отандастарым!

      Қазiр бүкiл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.
      Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттердi де шайқалта бастағанын бәрiңiз көрiп, бiлiп отырсыздар.
      Дағдарыс салқыны бiздi де айналып өткен жоқ.
      Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегi дағдарыстарға бiз бұған дейiн де төтеп берiп келгенбiз.
      Тәуелсiздiк шежiресiн парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бiзге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтiру, оны жаңаша даму жолына түсiру - тақыр жерден тау тұрғызғанмен бiрдей едi.
      Ел болып ол қиындықтарды да еңсерiп өттiк.
      Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезектi дағдарыс тұсында тәуелсiздiгiмiз тағы бiр сынаққа түскен болатын.
      Дер кезiнде қабылданған дұрыс шешiм, ұтымды iс-қимылдың арқасында бiз одан да аман-есен өте шықтық.
      Бiз осылайша сындарлы жылдар мен күрделi кезеңдерде лайықты тәжiрибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстiк.
      Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, қарыштап алға басумен болдық.
      Сол сияқты қазiргi әлемдiк дағдарыс та өткiншi құбылыс.
      Халқымыз мұндай күйзелiстер кезiнде "көппен көрген ұлы той" деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бiрлiгiн бекiте түскен. Қиындықтарды бiрлесiп жеңiп отырған.
      Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлiнген ауқымды қаражат қазiр отандық экономиканың кiдiрiссiз жұмыс iстеуiне қызмет ете бастады.
      Әлеуметтiк кепiлдiктер толығымен сақталып отыр.
      Олай болса, бұл дағдарыстан да бiздiң аман-есен өтетiнiмiз айдай анық.
      Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады.
      Алдымызда бiздi үлкен белес күтiп түр. Ол - Қазақстан тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығы.
      Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бiрақ бiз үшiн үлкен кезең тұтас бiр дәуiрмен барабар.
      Олай болатыны, тәуелсiздiк - ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.
      Сол себептi тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша.
      Халқымыздың басына түскен қандай да бiр сынаққа қарамастан бiз тәуелсiздiгiмiздi нығайту жолындағы жасампаз iстерiмiздi жалғастыра бермекпiз.
      Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бiрлiгiнiң арқасында бiз алмайтын асу, бiз жеңбейтiн кедергi болмайды.
      Солай боларына нақты сенiңiздер, құрметтi отандастар!

Құрметтi қазақстандықтар!
Қымбатты отандастар!

      Iс жүзiнде жиырма жыл бойы күннен-күнге бiз сiздермен жаңа елдi құру үстiндемiз.
      Ашық та өркендi елдi.
      Жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түскен елдi.
      Саяси тұрақты және өз азаматтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз еткен елдi.
      Ешқашан және ешкiм үшiн сыртқы қатер көзi болмайтын елдi.
      Ондаған жылдар оза қабылдаған Қазақстанның даму стратегиясы, оны елдiң нақты табыстарына айналдыру тәжiрибесi бiзге өз күшiмiзге деген сенiмдiлiктi бердi, бiз таңдап алған жолымыздың дұрыстығына көз жеткiздiк.
      Нақ сондықтан да бұдан екi жылдан астам бұрын басталған әлемдiк қаржы рыноктарындағы дағдарыстың әу басында бiз дағдарысқа қарсы шаралардың кешендi жүйесiн әзiрлеп, дәйектiлiкпен iске асырып келемiз.
      Бiз iшкi және сыртқы конъюнктураны жiтi қадағалап, еш кiдiрiссiз табанды шараларды қолға алудамыз. Нақ сондықтан да жаһандық азық-түлiк дағдарысы бiз үшiн ұлттық апатқа айналған жоқ.
      Бiрақ бүгiнде бүкiл әлемдiк экономиканы дiңкелетiп үлгерген экономикалық дағдарыс бiздiң берiктiгiмiздi сынаққа салуда.
      Дағдарыс бiзге сырттан келдi. Оның көздерi елдiң iшiнде емес, әлемдiк экономиканың сәйкессiздiгiнде жатыр.
      Дағдарысты болдырмау және бәрiн алдын ала көздеу мүмкiн емес едi.
      Оны еңсеруге әлемнiң жетекшi экономикалары қазiрдiң өзiнде 10 триллионнан астам АҚШ долларын, яғни бүкiл әлемдiк IЖӨ-нiң iс жүзiнде 15 пайызын жұмсады. Бiрақ та ахуал жақсы жаққа қарай әлi өзгеретiн емес.
      Дағдарыс өз ауқымына дәйектiлiкпен Америка континентiн, Еуропа мен Азияны тартты.
      Бүкiл жағдайға қарағанда, ол ұзаққа созылады. Талдамашылар айтқанындай, әлемдiк экономика өз құлдырауында әлi шыңырау түбiне жеткен жоқ.
      Әлемде болып жатқан үдерiстерге өз көзқарасымды мен өзiмнiң "Дағдарыстан шығу кiлтi" атты мақаламда баяндадым. Оған түрлiше қарауға болар, бiрақ та бiз, қазақстандықтар, осынау дағдарыстан шығудың жалпы iзденiсiне өз ойымызды қостық. Дағдарыс қатардағы емес, одан шығудың нұсқалары мүлдем әртүрлi болуы тиiс.
      Мен осынау жаһандық дағдарыстан кейiн әлемдiк қаржы жүйесi, бәлкiм, мемлекеттердi саяси басқаруда өзгеретiнiне сенiмдiмiн. Көпшiлiк экономиканы "қолмен басқару" қажеттiгiне келiп отыр, ал реттеу осы дағдарыстан шығудың аса маңызды iсiне айналуда.
      Сондықтан да тереңде түбегейлi көзқарас әлемдiк қоғамдастықта әлемдiк нарықтық экономиканың келесi бұрылыстарында бiздi қауiпсiздендiру жолын табуға көмектеседi.
      Сондықтан мен ұсынған түбегейлi шаралар әлемдiк қоғамдастықта талқыланатын болады.
      Менiң ұсынысым - бұл жаһандық проблемаларды шешу iзденiсiне қосқан үлесiм.
      Бiрақ та бүгiнгi нақтылық мынадай, әлемдегi iскерлiк белсендiлiктiң қысылуы мұнай мен металға деген сұраныстың төмендеуiне соқтырды. Ал бұлар - Қазақстан экспортының негiзi.
      Бiр жылда мұнай бағасы 4 есе дерлiк, металл бағасы 2 есе дерлiк құлап түстi.
      Бiздiң негiзгi сауда-саттық әрiптестерiмiз әрi жақын көршiлерiмiз - Ресей мен Украина өздерiнiң ұлттық валюталарын 40-45 пайызға құнсыздандырды. Сондықтан да бiз өзiмiздiң тауар өндiрушiлерiмiздiң мүддесi тұрғысынан теңгенiң құнсыздануына баруға мәжбүр болдық. Өйтпесек қазақстандық өнiм өзiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн жоғалтар едi. Бiз елдiң алтын-валюта резервiн жұмсауды жалғастыра берер едiк.

Құрметтi қазақстандықтар!

      Өкiнiшке орай, қиын сынақтар мен дағдарыс қысымының салмағы әлсiремей тұр. Мұны сiздер де бiлуге тиiссiздер.
      Бiрақ та мынаған сенiмдi болуға тиiссiздер, бiз бұл сынақтарға дайын ғана емеспiз.
      Бiз оларды өңсеремiз және осы дағдарыстан әлдеқайда күштi және өркендi мемлекет болып шығамыз.
      Бiз әлемдiк қауымдастықтағы өз ұстанымымызды сақтаймыз.
      Ұлттық қорды құра отырып, бiз қорланудың мақсатты саясатын жүргiздiк.
      Бұл қорды құру керек пе, әлде қаржыны баршаға аз-аздап үлестiремiз бе дегенге орай қаншама талас жүргенiн сiздер жақсы бiлесiздер. Қазiргiдей бюджетке алымдар 20 %-ға төмендеген кезде зейнатақы және жалақы төлеумен не iстер едi?
      Жақсы уақытта осы қорды құра отырып, бiз дұрыс iстедiк. Өзiнiң ертеңгi күнi туралы ойлайтын мемлекеттер осылай iстеуге тиiс.
      Сол арқылы бiз осы тұрпатты сiлкiнiстер мүмкiндiгiнiң алдындағы экономикамыздың берiктiк қорын қамтамасыз еттiк.
      Өмiрге қабiлеттi және икемдi экономика жасау үшiн бiз дәйектiлiкпен күрделi құрылымдық реформаларды жүргiзiп, экспорттық әлеуеттi ұлғайттық және әртараптандыруды бастап кеттiк.
      Нақ сондықтан да бүгiнде бiздiң айтарлықтай мүмкiндiгiмiз бар және ойластырылған әрi тиiмдi дағдарысқа қарсы саясат жүргiзуге жағдайымыз жетедi.
      Көптеген мемлекеттердiң пайда болған жаһандық дағдарысқа жауап берген шарасы ынталандырушы экономикалық шаралар пакетiн қабылдау болды.
      Қазақстан әлемдiк экономиканың өскелең турбуленттiлiгiне жедел үн қатқан және алдын алу шараларын iске асыруға кiрiскен әлемдегi алғашқы мемлекеттердiң бiрi болды.
      Қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын сақтау үшiн бiз банктерге қосымша өтiмдiлiк бердiк. Бұл шағын және орта бизнестiң, iрi кәсiпорындардың экономикалық белсендiлiгiн қамтамасыз ету үшiн жасалды.
      Жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепiлдi өтеудiң сомасы 700 мыңнан 5 миллион теңгеге дейiн ұлғайтылды. Мемлекет сыртқы қарыз алумен және меншiк капиталының жеткiлiктiлiгiмен байланысты банк секторының тәуекелдерiн төмендетуге көмектестi.
      Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемаларын шешуге қолдау бiлдiруге 545 миллиард теңге жұмсалды.
      Елде iскерлiк белсендiлiгiн сақтау үшiн бiз шағын және орта бизнес субъектiлерiне 275 миллиард теңге көлемiнде бұрын соңды болмаған қаржылық қолдау жасадық. Әкiмшiлiк кедергiлердi табанды қысқарту жөнiндегi жұмыс жалғастырылды.
      Негiзгi салықтар бойынша ставкаларды әлдеқайда төмендеткен жаңа Салық кодексi iске қосылды.
      Өткен жылмен салыстырғанда, корпоративтiк табыс салығы биылғы жылдың өзiнде үштен бiрге төмендетiлiп, 20 пайызды құрайды, ал 2011 жылы 15 пайыз болады. ҚҚС ставкасы 12 пайызға дейiн темендетiлдi. Әлеуметтiк салық ставкасының регрестi шкаласының орнына 11 пайыз көлемiндегi бiрыңғай ставка енгiзiлдi. Инвестицияларды жүзеге асыратын кәсiпорындар үшiн салық преференциялары көзделген.
      Осының бәрi экономиканың шикiзаттық емес секторын, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудың аса маңызды ынталандырғышының бiрiне айналды.
      Мемлекеттiк сатып алулар туралы Заң отандық өндiрiсшiлерге артықшылық бередi, мұның өзi де шағын және орта бизнеске қолдау бiлдiруге бағытталған.
      Агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды iске асыруға 120 миллиард теңге бөлiндi.
      Тұтастай алғанда ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда қосымша 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам жұмсалды.
      Бұл әлемдiк дағдарыс салдарын еңсеру үшiн қуатты ынталандыру екенiмен келiсерсiз.
      Бiз табанды да жедел әрекет етемiз, өйткенi әлемдiк дағдарыстың бiздiң экономикамыз бен қоғамымызға соққы күшiн әлсiрету үшiн қашан және не iстеу керектiгiн бiлемiз.
      Бұған ел Үкiметi мен Парламентiнiң бiрлескен жедел жұмысы жәрдемдестi.
      Құрметтi менiң отандастарым, осы кезеңнiң қыспағына бәрiмiз бiрге қарсы тұруға тиiс екенiмiздi сiздер түсiнсе екен деймiн.
      Үкiмет әлеуметтiк төлемдердi және бюджетшiлердiң жалақысын ұлғайту жөнiндегi мемлекеттiң барлық мiндеттемелерi толық көлемiнде сақталуына кепiлдiк беруге мiндеттi.
      Бұрынғы жоспарланғанындай, 2010 жылы бюджетшiлердiң жалақысы және шәкiртақы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға ұлғайтылатын болады.
      Зейнетақының орта мөлшерi 2010 жылы 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылады.
      Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер мөлшерi ең төменгi өмiр сүру мөлшерiнiң 50 пайызына дейiн өседi.
      Өздерiңiзге белгiлi болғанындай, мемлекет оқу ақысын төлеу үшiн қаржысыз қалған студенттерге қолдау бiлдiрдi. Мемлекет барлығы студенттер үшiн 11 мың грант және 40 мың несиенi қосымша бөлiп отыр.

Құрметтi қазақстандықтар!

      Бiздiң алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесi экономикалық өсуге әзiрлену жөнiнде үлкен мiндеттер тұр.
      Қазiрдiң өзiнде бiз қабылдағанның бәрi - бұл бүгiнгi дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу.
      Мен тоқтап қалмауды, одан әрi жүрудi және дағдарыстан кейiнгi елдiң дамуын қамтамасыз ету үшiн экономиканы одан әрi жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын iске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын.
      Ең қиын жылдары бiз салуды бастап, елдiң жаңа байтағын - Астананы, бiз осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкiм сенбеген кезде тұрғыздық. Бiз осыны жасадық, мұны бүкiл әлем көрiп отыр. Келiңiздер, осы жақсы тәжiрибенi жалғастыратын болайық.
      Иә, жаңа қаражат қажет. Осы мақсатта дәстүрлi түрде Ұлттық қорға есептелiп келген шикiзаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау дұрыс болады деп санаймын. Тұтастай алғанда бұл Ұлттық қордан бекiтiлiп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгенi құрайды.
      Бұл - уақытша, бiрақ та қажеттi шара. Бұл ретте бiз қазiргi сәтте бар елдiң жалпы резервiнiң сол көлемiн, яғни 47 миллиард американ долларын сақтаймыз. Бұл бiзге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенiмдiлiк бередi.
      Қаражаттың басқа бiр көзi - бұл бюджеттiң барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу жене аса қатал қаржы тәртiбi. Осыны ескере отырып Үкiметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режимiнде бюджеттiк қаражаттың жұмсалуын жiтi бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ бiздiң депутаттарды да шақырамын.
      Қауырт өсу кезеңiнде үйреншiктi болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиiс. Ашығын айтайық, бiзге ақша пайда болған осы жылдары сұраныс көбейiп, штаттар қампиып кеттi және iссапарлар саны, әрқилы ауқымды мәдениет күндерiн өткiзу ұлғая түстi. Осы мәселеде баршаның ойланғаны керек.
      Қаржы тәртiбiн бұзушыларға дағдарыс уақытының заңы бойынша қатал сұраныс қойылуы тиiс. Барлық басым емес шығындар - әкiмшiлiк, инвестициялық және басқа шығындар - нөлге теңестiрiлуi тиiс. Бұл жергiлiктi бюджеттерге де қатысты.
      Босаған қаражат бiзге, ең алдымен, қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын iске асыру мүмкiндiгiн бередi. Ол бiзге дағдарыс ауыртпалығын еңсеруге ғана көмектесiп қоймайды, сонымен бiрге дағдарыстан кейiнгi уақытта экономиканың тиiмдi дамуын қамтамасыз етедi. Ол әрбiр қазақстандық отбасына жаңа мүмкiндiктер беруi тиiс.
      Жұмыс орындарының жеткiлiктiлiгi Үкiмет мүшелерi мен әрбiр әкiмнiң Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабiлеттiлiгi айқындалатын негiзгi көрсеткiш болуы тиiс.
      Әрбiр әкiм, әр министр апта iшiнде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергiлiктi орындарда қаншасын ашқанымызды бiлуi тиiс. Нақ осы тұрлаулы дамудың негiзi болып табылады.
      Өңiрлiк жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшiн мен Үкiметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.
      Жергiлiктi бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бiрлесе қаржыландыруға ресурстар бөлiнуi тиiс.
      Жұмысынан айырылғандар үшiн жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Бiз кем дегенде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ете аламыз, бұл қазiргi қоғамдық жұмыстарды есептемегенде.
      Бiзде еңбек рыногын дамыту үшiн мүмкiндiктер бар, оларды ойлап табу керек емес. Нақ осыған бiз қосымша бөлiнген қаражатты жұмсаймыз.
      Бiрiншiден, бұл коммуналдық желiлердi қайта жарақтандыру және жаңғырту. Бұл - сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәрiз сулардың нысандары мен желiлерi.
      Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп осы мақсатқа кететiн қажеттi шығындарды анықтауды, жұмыстарды қаржыландыруды ғана емес, сонымен бiрге бюджеттен бөлiнген әрбiр теңгенiң пайдаланылуын қатаң бақылауды тапсырамын.
      Бұл көзге көрiнбейтiн жұмыс, бiрақ та бiзге оны бәрiбiр iстеуге тура келедi. Ол - болашақ дамудың негiзi. Бұл қалалар мен жергiлiктi орындарда орасан көп жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкiндiгi. Бiз халқымыздың сатып алу қабiлетiн арттырамыз. Егер парасатпен жұмыс iстей бiлсек, босаған адамдарды жаңа мамандықтарға үйрету керек.
      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты әлдеқашан-ақ ретке келтiру керек едi. Келiңiздер, қазiр осымен айналысайық.
      Екiншiден, бұл жергiлiктi мәндегi автомобиль жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтiк инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жаңарту.
      Бұл ендi ӘКК-лердiң мiндетi, олар халықтың барынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Мәселенiң қаржылық жағы - Үкiмет пен әкiмдердiң құзырында.
      Бiз қазiр халықпен келiсiп, тура айтуға тиiспiз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бiтiремiз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, бiз жаңаларын кейiнге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептердi, ауруханаларды, медициналық пункттердi жөндеуге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орындарын да құрамыз.
      Сондай-ақ, бiз салуды белгiлеген магистралдық автомобиль және темiр жолдарын да тоқтата тұруға тура келедi. Мұның орнына ақшаны облыс орталықтарының, қалалардың төңiрегiндегi жолдарды, ауданаралық жолдарды ретке келтiруге жұмсаймыз. Осылайша бiз тылымызды бекiте түсемiз.
      Үшiншiден, әрбiр нақты елдi мекендегi жергiлiктi мәндегi нысандар. Бұл жергiлiктi билiктiң шешуi бойынша жолдарды, клубтарды немесе басқа нысандарды абаттандыру мен көгалдандыру, жөндеу. Бұл мақсаттарға атаулы трансферттер бөлiнуi тиiс.
      Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары ретiнде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлiнуi тиiс. Жұмыспен қамтудың жергiлiктi проблемалары мен мәселелерiн шешу үшiн бұл қаражатты қайда жұмсау керектiгiн олардың өздерi шешетiн болсын.
      Бұл жұмыстың тиiмдiлiгi үшiн дербес жауапкершiлiктi тұтастай әкiмдерге жүктеймiн.
      Аталған барлық жобаларды iске асыру үшiн бiз жергiлiктi өндiрiсшiлердiң әлеуетiн барынша пайдалануға тиiспiз. Егер қажеттi өндiрiстер бүгiнде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзi бизнес үшiн жаңа мүмкiндiктер ашады.
      Бiз Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Осы датаға орай бүкiл Қазақстанда кең ауқымды жұмыс өрiстеуi керек. Бұл бiздiң ұрпағымыз үшiн, бiздiң халқымыз үшiн ұмытылмас жылдар. Қазақ ұлтының және бүкiл Қазақстанның тарихында мұндай кезең болған емес.
      Осының барлығына тереземiз тең, керегемiз кең ел болғанның арқасында қол жеткiздiк, ел ретiнде, қазақ ретiнде, мемлекет ретiнде мұндайлық сәулелi күннiң басымызға тәуелсiздiктiң арқасында ғана қонғанын бiздiң ұрпақ ұмытпақ емес. Ел шежiресiндегi ерекше бұл белеске бiз барынша дайындықпен баруымыз керек. Қазiрден бастап әр ауылдың кем-кетiгiн қалпына келтiрiп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлерiмiздiң iшi-сыртын әрлесек, елдiң де көңiлi көтерiле түседi.
      Сондықтан бұл жұмысты бiз қазiрден бастауға тиiспiз. Әр ауыл әкiмiне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихаттардың бақылауымен қандай да бiр қиындық көрiп жатқан тұрғындарға қажеттi мәселелердi шешер едi, шағын несиелер берер едi.
      Осылайша бiз жұмыспен қамтылу мәселесiн шешiп қана қоймаймыз, сонымен бiрге бiздiң елiмiзде жаңа өндiрiстердiң пайда болуы үшiн ынталандыру жасаймыз.
      Төртiншiден, бұл әлеуметтiк жұмыс орындарын кеңейту және жастар практикасын ұйымдастыру.
      Халықты жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заң бiзге бюджет қаражатын осы мақсатқа пайдалануға мүмкiндiк бередi. 2008 жылы 13 мыңнан астам адам осы бағдарламалар бойынша өз мүмкiндiктерiн iске асырды.
      Бiздiң бүгiнгi мiндетiмiз - қазiргi бар бағдарламалардың аясын кеңейту.
      Осы мақсатқа қосымша 8,6 миллиард теңге бөлудi тапсырамын. Сонда бiз 96 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етемiз.
      Осымен бiр мезгiлде бiз Әлеуметтiк сақтандырудың мемлекеттiк қорынан жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеудiң барынша ұзақ мерзiмiн 4-тен 6 айға дейiн ұлғайтуға тиiспiз.
      Әлемдiк дағдарыс жағдайында бiздiң жұмыспен қамту стратегиямыз кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау жөнiндегi толық ауқымды жұмысқа бағытталған.
      Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп қазiргi бар оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырамын.
      Бiздiң адамдарымыз оқып-үйренуге тиiс, бүкiл әлемде адамдар өмiр бойы оқумен өтедi. Мына жағдайда қайта оқуға, сөйтiп бүгiн қажет болып отырған мамандықты игеруге мүмкiндiк те бар, қажеттiлiк те бар.
      Бiз қазiр барлық iрi құрылыс кәсiпорындарын адамдарды басқа мамандықтарға оқыту үшiн қарыз бөлуге мiндеттеймiз. Барлық жерде осылай болуға тиiс. Егер Үкiмет пен әкiмдер жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра алса, адамдар оқуға отырады да, жаңа мамандықтарды игерiп алып кетедi.
      Кадрларды қайта даярлау және қайта оқыту жөнiндегi жүйелiк жұмыс мынадай мақсаттарды көздеуi тиiс:
      - Жаңа мамандық бойынша жұмыс iстегiсi келетiн әрбiр адамның оқу мүмкiндiгi болуы тиiс.
      - Экономиканың еңбек ресурстарына деген болашақ сұраныстарын, ең алдымен, ауыл шаруашылығында қамтамасыз ету.
      - Шетелдiк жұмысшыларды отандық кадрлармен бiртiндеп алмастыру. Бiз оларды жартылай қысқартып, өз адамдарымызбен алмастырмақпыз.
      Сонымен қатар әлемдiк дағдарысқа, бiз бастан кешiп жатқан кезеңнiң қиындықтарына қарамастан, бiз олардың шешiлуiне ғана шоғырланып қоя алмаймыз. Бiздiң болашағымыз экономиканың одан әрi жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты.
      Бiз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру және iске асыруды жалғастырамыз.
      Ең алдымен бұл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту.
      Бiзде мұнай өңдейтiн үш зауыт бар, сөйтсе де әлi күнге жанармай сатып аламыз, авиация керосинiмен де қамтамасыз етiлмегенбiз. Ендi қазiр бұл iспен айналысу керек.
      Бiз осы мұнай өнiмдерiне деген iшкi сұранысты бiртiндеп толық қамтамасыз етуге тиiспiз.
      Бiз Атырауда мұнай-химия кешенiн салуды жалғастырамыз. Мойнақ ГЭС-iнiң құрылысын биыл аяқтаймыз, Екiбастұз 1-ГРЭС-iн кеңейту және қайта жарақтандыру жөнiндегi жұмысты жалғастырамыз. Ол жерде сегiз блоктың орнына төрт блок жұмыс iстеп тұр. Бұл дайын, шығынды қажет етпейтiн электр қуаты. Екiбастұз 2-ГРЭС-iнiң үшiншi энергия блогын салу жұмысын жалғастырамыз, биыл Балқаш ЖЭС-iн салуды бастаймыз.
      Бiздiң жоспарларымызда "Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ" магистралдық газ құбырын салу, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолының транзиттiк дәлiзiн қайта жарақтандыру бар. Биыл бiз дайындық жұмысын қолға аламыз. Онда 5 мың адам жұмыс iстейтiн болады, ал 2010-2012 жылдары 50 мың адамға дейiн жетедi.
      Мұның өзi Қазақстанды Еуропадан Азияға жетiп жататын көлiк дәлiзiне айналдыратын күретамыр болады.
      Бiз электровоздар, жолаушы және жүк вагондары, жол битумдары өндiрiсiн, химия өнеркәсiбiн ұйымдастыруға кiрiстiк.
      Агроөнеркәсiптiк кешен туралы айрықша айтқым келедi, оның дамуы арқасында бiз бiр мезгiлде елiмiз үшiн аса маңызды екi мiндеттi - азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi және экспортты әртараптандыруды шешемiз.
      Сондықтан да бiз тауарлы - сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жемiс-көкөнiс дақылдары өндiрiсiн ұйымдастыру, ауылшаруашылық техникаларын жинау жөнiндегi өндiрiстердi құру, ет өңдеу өндiрiсiн дамыту, биязы жүндi қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секiлдi экспортқа бағдарланған өндiрiстердi дамыту жөнiндегi инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешiм қабылдадық.
      Құрылыс үшiн басқа да маңызды жобаларды қарастыру керек. Бұл Көксарай су қоймасын, басқа да iрi ирригациялық нысандарды салуды жалғастыру.
      Қызылқұм массивiнде 60 мың гектар суармалы жердi игеру мақсатын алға қойғанбыз. Бүгiнде техникалық-экономикалық негiздемесi мен кiрме жолдары бар нысандарда жұмысты бастау керек. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн ұқсату - маңызды сала. Бiз қазiр консервiленген жемiс-жидек өнiмдерiнiң 80 пайызын, ет өнiмдерiнiң жартысын, құрғақ сүттiң 53 пайызын сырттан әкелiп жүрмiз. Егер осының бәрiн шеше алсақ - онда адамдар қаладан селодағы өнеркәсiпке жұмыс iстеуге баратын болады.
      Бiздiң бағалауымыз бойынша, экспорттық мамандандыру перспективада 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкiндiк берiп, таяудағы бес жылда IЖӨ-нiң қосымша өсiмiнiң 8 пайызға жуығын қамтамасыз етедi.
      Осылайша, өзiмiздiң стратегиялық таңдаумен жүрiп, бiз экономиканың нақты бәсекеге қабiлеттi болатын, сыртқы рыноктарда өз орнымызды табатын секторларында жұмысты дәйектiлiкпен жалғастырудамыз.

***

      Қазiргi қиындықтар - бұл бiздiң үлесiмiзге тиген алғашқы сынақ емес.
      Өтпелi кезеңнiң аса ауыр дағдарысын бiз 90-шы жылдардың басында еңсердiк.
      Ол кезде экономиканың құлап түсуi 60 пайызға жетiп, инфляция жылына мыңдаған пайыздармен есептелетiн.
      Азияның қаржы рыноктары туындатқан екiншi әлемдiк дағдарысты бiз 90-шы жылдардың аяғында еңсердiк. Мұнай бағасы онда бiр баррель үшiн 9 долларға дейiн төмендедi. Бiз зейнетақы мен жалақыны төлей алмадық. Ол қиындықтарды да бiз еңсердiк.
      Уақыт өтедi, содан кейiн бiз осы дағдарысты да еңсергенiмiз туралы айтатын боламыз. Қалыптасқан жағдайдан объективтi шығындармен, бiрақ та жаңа өсуге әзiр болып шығатын барлық мүмкiндiктер бiздiң қолымызда.
      Дағдарыстар қайталанатын болады, ал бiздiң мақсат - оны басқаруды үйрену. Әзiрге бiзде бұл орындалуда.
      Бүгiнде бiз өз күштерiмiз бен ресурстарымызды қайта топтастыруға мәжбүрмiз және бiз мұны сыртқы жағдайлардың ықпалымен iстеудемiз. Алайда бұл бiз өз бағытымызды өзгерттi дегендi тiптi де бiлдiрмейдi. Ол бағыт 2030 жылға дейiнгi елдiң Даму стратегиясында анықталған. Өмiр түзетулерiн енгiзуде. Бiрақ та атап көрсеткiм келедi, ол бұрынғысынша қалып отыр.
      Барша қазақстандықтардың өркендеуi, қауiпсiздiгi мен әл-ауқатының жақсаруы бiздiң мемлекетiмiз үшiн аса маңызды үш тұғырлы мiндет болып қала бередi.
      Бiзде дағдарысқа қарсы жоспар бар, мемлекеттiк резервтен жеткiлiктi қаражат бөлiнген. Тұтастай Үкiмет және Премьер-Министр, мемлекеттiк органдардың басшылары, әкiмдер дағдарыстан шығу жөнiндегi белгiленген шаралардың орындалуына тiкелей жауапты болады.
      Бүгiнгi проблемалар және бiздiң оларды қалай шешiп жатқанымыз - кемелдiктiң және бiздiң қоғамымыз бен мемлекетiмiздiң тұрақтылығының сынағы. Бiз бұл сынақты тапсырамыз деп ойлаймын. Бiзге өз дамуымыздың жаңа кезеңiне кiруге және бiздiң жетiстiктерiмiздi еселеуге тура келедi. Мұны да орындайтынымызға сенiмдiмiн.
      Белгiлеген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн бiздiң халқымыздың топтасқандығы қажет.
      Сондықтан да барша қазақстандықтарға аталған шараларды жүзеге асыруға кiрiсуге, еңбекқорлық пен табандылық танытуға, ұсынақты болуға, жақындарына, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуге және қамқорлық жасауға шақырамын.
      Парламенттiң, мәслихаттардың, "Нұр Отан" партиясының депутаттарына сөз арнаймын. Бiздiң партия үшiн дауыс берген сайлаушылар бiзге зор сенiм көрсеттi. Ендi қазiр, қиын дағдарыс кезеңiнде, бiз оны ақтап, қоғамдағы дағдарысқа қарсы ауқымды қозғалыстың басында болуға тиiспiз.
      Үкiметпен және жергiлiктi органдармен бiрлесiп адамдардың нақты проблемаларын шешу, дағдарысқа қарсы шаралардың iске асырылуын, осы мақсаттарға бөлiнген бюджеттiк қаражаттың жұмсалуын айрықша бақылауға алу керек.
      Қазақстан халқы Ассамблеясына, барлық саяси күштерге сөз арнаймын. Қазiр халық туралы кiмнiң шын мәнiнде ойлайтыны, ал кiмнiң - ойламайтыны сөзбен емес, iсте тексерiледi.
      Келiңiздер, планета тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру жолында бiрiгейiк!
      Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және iспен көмектесейiк. Мемлекет қазiр нақ осыны жасап отыр. Елде тыныштық пен келiсiмдi сақтау маңызды мiндет болып қалады.
      Бүгiнде бүкiл дүние бiр-бiрiне қарап отыр. Дағдарыстың бетi қалай болар екен, одан қай мемлекет қалай шығар екен деп бақылауда. Сан түрлi саясаткерлер, сарапшылар Қазақстан қазiргiдей қиындықтан өтер ме екен, осы кезде ел бiрлiгiн сақтап қалар ма екен, бұл ел өзiнiң мемлекеттiлiгiн құрметтей бiлер ме екен деп тұрған сын сағатта мен, әсiресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершiлiк жүктеп сөз арнаймын. Қазiр алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жерiмiз кең, елiмiз бай, iстеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетiп жатыр. Бел шеше кiрiсiп, бiлек сыбанып жұмыс iстейтiн кез келдi. Бiр-бiрiмiзге қарайласатын, көмектесетiн, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез.
      Барлық мемлекеттiк қызметшiлерге сөз арнаймын. Қазiр бiз бәрiмiз қызмет ететiн халықтың алдындағы әрбiр басқарушының жауапкершiлiгi еселеп арта түседi. Жергiлiктi орындарға жиi шығып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесу керек. Мемлекет қолға алып жатқан шараларды түсiндiрiп, адамдарды бiрiктiру, оларды проблемаларды шешуге көтеру керек.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне сөз арнаймын. Бiздiң қалалардың көшелерi мен ауылдардағы тыныштық сiздерге байланысты. Қылмыспен, сыбайласпен, жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргiзу керек. Осы қиын кезде бiздiң азаматтардың, бүкiл қоғамның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн бәрiн де iстеу керек.
      Мен бұқаралық ақпарат құралдарын белсендi азаматтық ұстаным танытуға шақырамын! Сiздердi "төртiншi билiк" деп кездейсоқ атамайды!
      Қазiр БАҚ адамдар үшiн қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп беремiз деген мәселелерде "кеңесшi" ретiнде көрiнуге тиiс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжiрибесi арқылы үйрету керек. Бiздiң ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледi.
      Сенiмдiлiк, жеке белсендiлiк, төзiмдiлiк, патриотизм, Отанға деген сүйiспеншiлiк секiлдi көңiл күйлердi орнықтыратын материалды жиi беру керек.
      "Нұр Отан" партиясының мүшелерi үйдi-үйде көбiрек болуға, қандай мамандықтарға қайта оқуға мүмкiндiк бар екенiн, несиелер мен шағын несиелердi қалай алуға болатынын, қиын жылдарда не iстеу керектiгiн түсiндiруге тиiс. Әр үйге, әр отбасына бару, қарапайым адамдардың көмекшiлерiне, кеңесшiлерiне айналу керек. Асып-сасатын ештеңе жоқтығын, елдiң байтақ екенiн, iстеген адамға жұмыс жететiнiн ұғындыру шарт. Сондықтан қай жерде де бiрiмiзге бiрiмiз көмектесiп, бiлетiндер бiлмейтiндерге айтып жүруiмiз керек. Осының өзi халықты бiрiктiре түсетiн болады.

Құрметтi қазақстандықтар!

      Ел дамуының жаңа кезеңiнiң табыстары көп ретте бiздiң iс-қимылымыз бен қабылдаған шешiмдерiмiзге байланысты болады.
      Бiзде қажеттi ресурстар, әлемдiк дағдарыс қыспағына төтеп беретiн тәжiрибе бар. Бiзде айқын дағдарысқа қарсы бағдарлама бар. Қойылған мақсаттардың бәрiне қол жеткiзуге болады!
      Бiз барлық қиындықты еңсеретiнiмiзге және Қазақстанымызды күштi, өркендi және әлемде құрметтелетiн мемлекетке айналдыратынымызға сенiмдiмiн!

Қадiрлi әлеумет!
Отандастарым!

      Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол - бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты кажет болса, тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.
      Ел басына күн туған нелер бiр қилы замандарда да халқымызды ұлт ретiнде сақтап қалған осы ынтымағы мен бiрлiгi емес пе едi?
      "Мың өлiп, мың тiрiлген" қазақ халқы кеңес дәуiрiндегi басқа түскен үлкен нәубет жылдарында да өзiнiң елдiгiн ыңтымақ пен бiрлiктiң арқасында сақтай бiлдi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында өзге республикаларда қантөгiстер мен қақтығыстар болып жатқанда, татулық пен бiрлiктiң арқасында жас мемлекетiмiздi жасақтап, өтпелi кезеңнен шығынсыз өттiк емес пе?!
      Бүгiнгiдей қиын-қыстау кезiнде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбiршiлiк танытарына сенемiн.
      Сiздер өздерiңiз бас болып өзге де отандас ағайындарға ұйтқы болыңыздар. Әрдайым кеңдiк пен кемеңгерлiк, сабырлылық пен iскерлiк көрсетiңiздер.
      "Саусақ бiрiкпей, ине iлiкпейдi" деген аталы сөздi бәрiңiз бiлетiн шығарсыздар.
      Олай болса ендi ұсақ-түйектi, берекесiз тiрлiктi доғарған жөн. Ел үшiн, ұрпақ үшiн бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығаратын кез келдi, ағайын.
      Баршаңызға: "Iске сәт!" демекпiн!