06-11-20-2

Ағымдағы жылдың қараша айының ортасынан бастап халықты жұмыспен қамту орталықтары (бұдан әрі – ХЖҚО) өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылмайтыны, бірақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз екені туралы анықтама ұсынатын болады. Бұл құжат жалпыға міндетті оқу қорынан оқушыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін қажет.

Тиісті шешім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

Бұрын жоғарыда аталған көмекті көрсету үшін білім беру саласының әлеуметтік қызметкерлері өтініш берушілердің табыстары туралы мәліметтерді жинап, жан басына шаққандағы орташа табысты өздері есептеген болатын.

Функцияны ҚР Еңбекминінің жетекшілігіне беру азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін азайтуға және білім беру саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

ХЖҚО ҚР Еңбекминінің «Е-Халық» ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз немесе одан жоғары табыс мөлшері көрсетілген анықтамалар беретін болады.

Осылайша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қызметті уақтылы және жеңілдетілген түрде алу қамтамасыз етіледі.