"Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті белгіленген заңнамалық тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастан күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі көшірмесін баспа және электрондық түрде мерзімді баспа басылымдарына және "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Заң кызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау
министрі
Т. Дүйсенова

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ___________ Б. Сұлтанов

      2017 жылғы ___ ________

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2017 жылғы 28 тамыздағы
№ 280 бұйрығымен
бекітілген

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;

      3) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

      4) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтау (жарақтандыру) – мүгедектерде организмнің бұзылған функцияларын және тіршілік-тынысының шектелуін толық немесе ішінара алмастыратын (орнын толтыратын) және олардың еңбек функцияларын орындау мүмкіндігін жасайтын негізгі технологиялық құрал-жабдықты, технологиялық жарақтандыруды, құралдарды, қосалқы жабдықты іріктеу, монтаждау және пайдалану процесі;

      5) мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары (бұдан әрі – арнайы жұмыс орындары);

      6) субсидия – мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын құру есебінен жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін жұмыс берушілер үшін мемлекет көрсететін қаржылық жәрдемдесу;

      7) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;

      8) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және осы Заңға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме.

2-тарау. Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді субсидиялау тәртібі

      3. Жұмыс берушілердің арнайы жұмыс орындарын құрумен байланысты шығындарын субсидиялау бойынша жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары республикалық бюджет қаражаты есебінен бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес және осы мақсаттарға аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бюджеттерімен көзделген сомалар шегінде іске асырады.

      4. Мүгедектерді арнайы жұмыс орындарына орналастыру мүмкіндігі туралы ақпараттандыруды:

      тиісті өңірдің мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне ақпарат жолдау арқылы ауданның, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органы;

      мүгедектің өзі жүгінген кезінде халықты жұмыспен қамту орталығы жүргізеді.

      5. Халықты жұмыспен қамту орталығы интернет-ресурстарға және/немесе бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат орналастыру арқылы жыл сайын 1 қазанға дейін арнайы жұмыс орындарын субсидиялау туралы жұмыс берушілерге ақпарат береді.

      6. Халықты жұмыспен қамту орталығы қаржыландыру лимиті негізінде жыл сайын 1 қарашаға дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерден алдағы қаржы жылына өтінімдер жинауды жүзеге асырады.

      Өтінімге:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 233 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11384 болып тіркелген) бекітілген "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу туралы анықтама немесе орналасқан жеріндегі мемлекеттік кірістер органында дара кәсіпкер ретінде есепке қойылғанын растайтын құжат;

      2) арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға арналған шығыстар сметасы қоса беріледі.

      7. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

      өтінім белгіленген нысанға сәйкес келген, ұсынылған құжаттар толық, өтінімде және құжаттарда көрсетілген мәліметтер толық болған жағдайда –өтінімді қабылдайды;

      өтінім белгіленген нысанға сәйкес келмеген, ұсынылған құжаттар толық емес болған және (немесе) өтінімде және құжаттарда көрсетілген мәліметтер толық болмаған жағдайда – үміткерге өтінімді және оған қоса берілген құжаттарды қайтарады.

      8. Халықты жұмыспен қамту орталығы қарауға қабылдаған өтінімдер 5 жұмыс күні ішінде бірыңғай тізбеге жинақталады және ауданның, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органына бекіту үшін жіберіледі.

      9. Ауданның, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органы бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы адамның шешімімен арнайы жұмыс орындарын құруға өтінім мақұлданған ұйымдардың тізбесін бекітеді.

      10. Халықты жұмыспен қамту орталығы арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды қалайтын мүгедектерге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы жұмыс орындарына жолдама береді.

      11. Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге субсидия беру халықты жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші арасында жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Мүгедек болып табылатын жұмыскер мен жұмыс беруші арасында 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты жасалады.

      13. Еңбек шарты тараптардың бірінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы мүгедек болып табылатын басқа жұмыскерді оның келісімі бойынша және құрылған арнайы жұмыс орнында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін денсаулық жағдайына қарап қабылдайды.

      14. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

      1) жұмысқа орналастырылған мүгедектердің міндетті зейнетақы төлемдерінің болуына мониторинг жүргізеді;

      2) жұмыс берушілердің міндеттемелерді орындауына мониторингті жүзеге асыру үшін жұмыс берушіден қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратады.

      15. Жұмыс берушілерге төленген және мақсатсыз пайдаланылған субсидиялар ауданның, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органнан субсидияны қайтару туралы талапты алған күннен бастап күнтізбелік 20 күн ішінде бюджетке қайтаруға, қайтарылмаған жағдайда – сот тәртібімен қайтаруға жатады.

3-тарау. Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерді субсидиялау шарттары

      16. Жұмыс берушілерге субсидиялар арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін құрал-жабдықты сатып алуға, монтаждауға және орнатуға кеткен шығындарды өтеу мақсатында беріледі.

      Жұмыс берушілерге субсидиялар уақытша жұмыс орындарын жарақтандыруға берілмейді.

      17. Жұмыс берушілерге субсидиялар олар мынадай шарттарды сақтаған кезде ұсынылады:

      1) құрылып жатқан арнайы жұмыс орындарының Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы № 519 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13913 болып тіркелген) бекітілген Мүгедектің жұмыс орны стандарттарына сәйкес келуі;

      2) мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын тұрақты жұмыс орнын құрған сәттен бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге сақтауы;

      3) жұмыс берушіде жалақы бойынша берешектің болмауы;

      4) есептелген салықтар, алымдар және бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы;

      5) жұмыс берушінің құрылған арнайы жұмыс орындарында атқарып отырған лауазымына сәйкес мөлшерде жалақы төлеуін қамтамасыз етуі.

  Мүгедектерді жұмысқа
орналастыру үшін арнайы
жұмыс орындарын құратын
жұмыс берушілердің
шығындарын субсидиялау
қағидалары мен шарттарына
1-қосымша
  Нысан
  _______________ ауданының
(қаласының) Халықты
жұмыспен қамту орталығының
директорына

Өтінім

      _______________________________________________________________________________

      (ұйымның толық атауы, мекенжайы, БСН (ЖСН), байланыс жасайтын адамдар және телефондары)

      мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындары ұйымдастырылатын

      жұмыс берушілердің тізбесіне қосуды сұрайды.

      Мәселе оң шешiлген жағдайда мүгедектер қатарындағы азаматтарға тiзбеге сәйкес

      мынадай арнайы жұмыс орындары ұсынылатын болады:

Р/с

Жұмысқа кім ретінде қабылдау жоспарланып отыр

Жоспарланған жұмыс орындарының саны

Жұмыстардың жоспарлы ұзақтығы (ай)

Айлық жалақының мөлшерi, теңге

Субсидияның жоспарлы мөлшерi, теңге

           
           
           

      Қосымша:

      1. Заңды тұлғаны мемлекеттік тiркеу туралы анықтама немесе орналасқан жеріндегі мемлекеттік кірістер органында дара кәсіпкер ретінде есепке қойылғанын растайтын құжат.

      2. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға арналған шығындар сметасы.

      Басшы                                          _____________ _________

      қолы            күні

      М.О. (бар болса)

  Мүгедектерді жұмысқа
орналастыру үшін арнайы
жұмыс орындарын құратын
жұмыс берушілердің
шығындарын субсидиялау
қағидалары мен шарттарына
2-қосымша
  Нысан

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы жұмыс орындарына № ______ жолдама

      ________________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі)

      _____________________ бастап __________________________ дейін __________ ай мерзімге

      ________________________________________________________________________________

      (жұмыс берушінің атауы, заңды мекенжайы, байланыс телефоны)

      ________________________________________________________________________________

      (кәсіп/мамандық атауы)

      мамандығы (кәсібі) бойынша мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы

      жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін жіберіледі.

      ____________________________            _____________________________

      Халықты жұмыспен қамту                   қолдың таратылып жазылуы

      орталығының директоры

      Берілген күні

      М.О.

      -----------------------------------------------------------------------------------------------

      (кесу сызығы)

      Жұмысқа орналасу үшін жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығына қайтарылады

      № ______ жолдамаға хабарлама

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (жұмыс берушінің атауы)

      20__ жылғы __ __________ № ______ жасалған еңбек шартына (20__ жылғы _______

      № __________ бұйрық) сәйкес мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы

      жұмыс орнына 20__ жылғы _______________

      ________________________________________________________________________________

      (кәсіп/мамандық атауы)

      ретінде қабылданды.

      Жұмысқа орналасу мерзімі: ______ ай 20___ жылғы "___" ___________ бастап 20___

      жылғы "___" ___________ дейін

      Жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі қоса беріледі.

      Жұмыс берушінің жауапты өкілі

      _______________________________            _____________________________

      Т.А.Ә., лауазымы                                    қолы

      М.О. (бар болса)