2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайды (әрі қарай -АӘК).

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы  әлеуметтік көмек кешенді болып, өз ішіне 3 түрлі  мемлекеттік қолдауды алып отыр, олар:

           1) атаулы әлеуметтік көмек төлемі;

           2) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни:

а)   жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жолдау;

ә) тұруына, жол жүрісіне, біржолғы ыстық тамағына (техникалық және  кәсіптік оқу орындарында білім алған жағдайда) шығыстарды өтей отырып, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу;

б) мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу;

в) жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру; 

            3) әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады.

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмеказ қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді.

1.Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектабысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. 

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмекқұрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар (мүмкіндіктері шектеулі адамадардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана)   аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.

Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

Аз қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі.

 

Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, ал қайталанған жағдайда 100 %-ға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

 

2. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады?

Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 459 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 28 284 теңгеге дейін өсетін болады.

Екіншіден,атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылады. Демек, егер ағымдағы жылы кедейлік шегінің мөлшері 9 784 теңге болса, келесі жылы 14 142 теңгені құрайтын болады.

Мысалы, тұрмысы төмен отбасы 5 адамнан тұрады делік, оның 1 мүшесі жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады; 1 мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға күтімімен отыр және жұмыс істемейді; сондай-ақ үш кәмелетке толмаған баласы бар. Бүгінгі таңда отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 17313 теңгені, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7 148 теңгені құрайды. Келесі жылы отбасының табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 30 000 теңгені құрайды немесе 2017 жылмен салыстырғанда 20 %-ға өседі.

 

3. Азаматтар әлеуметтік көмектің басқа түрлерін алуға құқылы бола ма?

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:

а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 %-ынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;

б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 %-ынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрайды;

в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы (бүгін 9440 теңге).

Бұл жерде атап өтетін жәйт, адамға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруы үшін көмек көрсетіледі, түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру  курстарына жібереді және шағын несие береді. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады.

                                                      

 

«Балқаш қаласының жұмыспен қамту және  

                                                         әлеуметтік   бағдарламалар бөлімі»  ММ